«Ақмола облысы білім басқармасының Біржан сал ауданы бойынша білім бөлімі Кеңащы аулының жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение «Общеобразовательная школа села Кенащи отдела образования по району Биржан сал управления образования Акмолинской области»

СоцСети

    

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

«КӨКШЕНІҢ БҮГІНГІ БІРЖАН САЛЫ» АТТЫ БАЯНДАМА (Баянғали Тақанұлы Әлімжанов шығармашылығы бойынша)

25.03.2019

«КӨКШЕНІҢ БҮГІНГІ БІРЖАН САЛЫ» АТТЫ БАЯНДАМА

(Баянғали Тақанұлы Әлімжанов шығармашылығы бойынша)

 

 

Ассалаумағалейкум құрметті тіл жанашырлары, бүгінгі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  Алаштың ардақты ақыны, драматург, жазушы, ақын-импровизатор, манасшы, кинорежиссер, тележүргізуші,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  ауданымыздың құрметті азаматы БАЯНҒАЛИ ТАҚАНҰЛЫ ӘЛІМЖАНОВТЫҢ «СЫР-СҰХБАТ» шығармашылық кешіне қош келіпсіздер!

Шырайлы да шұрайлы шығармашығы көзіқарақты оқырман үшін бейтаныс емес арқалы ақын, жампоз жыршы, танымал театр және кино драматургы. Күні кеше қара домбырасын арқалып, ауыл, қоғам, адам хақында сөзбен өрген айтыс ақынының маржан жолдары көрерменнің жадынан шыға қоймаса керек.

Айтыс − синкретті өнер, бір өзі бір сахналық қойылым. Мұнда ақын әрі шабуылшы, әрі қорғанушы, өзі шешен, тапқыр, әрі музыкант. Айтыстағы ақынның осындай сан қырлы өнерін М.Әуезов: «Жарысқа түсуші ақындар тапқырлықпен, өнерпаздықпен кезек шабуыл қақтығысулары арқылы тыңдаушыларын әр алуан дәрежеде қызықтырып, еліктіріп, неше түрлі құбылыс күйлерге салып отырады» -деген екен. Баянғали Әлімжановтың қазақтың айтыс өнеріне сіңірген еңбегі орасан зор. Тарланбоз ақын 1984-2005 жылдар арасында 216 рет айтысқан, республикалық, облыстық, деңгейде өткен айтулы тойлардың бәрінде дерлік өнер көрсетіп, жиырма екі рет бас жүлдеге ие болған, талай дүркін жүлдегер атанған. Айтыс өнерінің биігіне шыққан тек таңдаулы ақындарға берілетін «Айтыстың ақтаңгері»  атағы алғашқылардың бірі болып жерлесімізге бұйырыпты. Бұлда болса                         Б. Әлімжанов ағамыздың өнердегі өресінің мықтылығын көрсетеді.

«Жазушылы мен айтыстағы ақындылығы арқылы қазаққа танылған, Манасын жырлап қырғызды тамсандырған Баянғали Әлімжанов біздің Кеңащының азаматы. Иә, біздің  Көкше өңіріндегі Біржан сал елінен түлеп ұшып, өнер әлеміне қанат қаққан. Біз оның ақындығы мен өнерпаздығына ғана тәнті емеспіз, сонымен бірге ізгі адамгершілігі мен абзал азаматтығына сүйсінеміз. Сүйсініп қана қоймаймыз, тіпті ауыл болып мақтанышпен жырғып айтамыз»- деп жазады ҚарМТУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Әубакіров.  

1995 жылы Бішкек қаласында Манастың мың жылдығына арналған Халықаралық манасшылар конкурсына қатысып, қырғыз елінің  арнайы жүлдесінің иегері. Қырғызстан Мәдениет министрлігі мен Композиторлар одағы тағайындаған А.Малдыбаев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. Қырғыздар «манасчы» деп баға берген ол қазақ жыршылық өнерінде де жұлдызы жарық тұрған тұлға. Баянғали орындаған жыр, дастандар Қазақ радиосы мен телеарналардың Алтын қорына жазылып, сақталуда. Аудио, видео дискілерге шыққан.

Баянғали Әлімжановтың прозасы мен поэзиясының жемісі болған қомақты туындысы «Фолиант» баспасынан шыққан 87 баспа табақтан, 1072 беттен тұратын «Қиянатқа қарсылық» атты үш томдық таңдамалы шығармаларының басын қосқан бізше айтқанда дәу кітапты, қырғызша айтқанда шоң кітапты қолға түсіргендер «Кітап деп осыны айт. Тура «Манастай» қомақты әрі мағыналы туынды!» деп қуанысқан екен. Қазіргі таңда Баяғали Әлімжановтың шығармаларының тұсаукесері шет асып, сонау Германияның Берлин қаласында кітаптарының таныстырылымы өтіп, оқырмандарының санын арттыруда.

Б.Әлімжановтың қазақ драматургиясына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, ол оннан астам пьесалардың, көптеген шағын сахналық шығармалардың авторы. Баянғали Әлімжановтың пьесалары Қазақстан Республикасының түкпір-түкпірінде сахыналанып, көрермендерін қуантуда.  Сонымен қатар көптеген ән текстерін жазған. «Кеңащы», «Қазақстан», «Өкпелеме жаным, соның ішінде «Ғажайып күй» әні (муз. Нұрлан Әлімжанов, орындайтын «Азия» тобы) бүкіл елімізге әйгілі болды.

Баянғали ағамыз ұлттық өнерді насихаттау жолында табанды еңбек етті. Бұған дәлел өткен ғасырдың 80-жылдары республикалық телеарнадан \қазіргі «Қазақстан»\ «Халық қазынасы», «Бес ғасыр жырлайды» сияқты хабарларды жүргізіп, қазақтың жыршы-жыраулық өнерін насихаттаған. Ол қазақ тілі мерекесіне \Астана\, Кенесары ханның 200 жылдығына \Көкшетау, 2002 ж.\, Алпамыс батырға \Астана, 2006 ж.\, Қобыланды батырға \Ақтөбе, 2008 ж.\, Мұрын жырау Сеңгірбекұлының 150 жылдығына \Астана, 2009 ж.\, Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдығына \Ақтөбе облысы, Темір ауданы, 2010 ж.\ , т.б. арналған республикалық жыршы-жыраулар конкурстарын ұйымдастырушылардың  бірі және жүргізушісі болды. Баянғали Әлімжанов бір эпосты бірнеше жыршы, әр жастағы, әр мектептің өкілдері бірлесіп, бір-бірін қайталамай, жалғастыра жырлау идеясының авторы. Барша қазақ елінің мақтанышы.

Біржан сал ауданының бағына біткен, Алаштың ардақты перзенті  Баянғали Әлімжановтың 60 жылдық мерейтойы 2014 жылы Кеңащы ауылынан бастау алып, аудандық деңгейде аталып өтілді. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Мейрамбекұлы Қиықовтың өзі келіп, иығына шапан жауып, ел ағасының мерейін өсірді. Баянғали ағамыз әр келген сапарында ауданымыздың кітапханаларын аралап, өз шығармашылығымен бөлісуде.  

2019 жылы Б.Әлімжанов ағамыз 65 жаcқа толғалы отыр. Аталмыш мерей тойы қарсаңында ауданымыздың барлық мектептері мен кітапханаларында, мәдениет үйлерінде Баянғали Әлімжановтың шығармашылығын насихаттау мақсатында әдеби кештер, сахналық қойылымдары оқырман қауымға жол тартады. Сонымен қатар Кеңащы орта мектебінде білім бөлімінің қолдауымен  «Баянғали оқулары» жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Бұлда болса Баянғали Әлімжанов ағамыздың мерейін өсіретін игі бастама болмақ. Халқымыз «Ер мерейі елімен» - деп бекер айтпаған ғой.

Өз ойымды қорытындылай келе, Ел ағасына «Жазар жырыңыз бен айтар әніңіз сарқылмасын, жасай беріңіз, шырқай беріңіз, Баянғали аға!» дегім келеді. Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!!!

 

Просмотров: 492


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст